Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезінен кейін жастар арасындағы діни тәрбиенің маңыздылығы жөнінде ой-пікірімді еліне етене жақын «Егемен Қазақстан» арқылы жеткізуді жөн көрдім. Бұған съезде бір секция отырысының тұтастай жастар мәселесіне арналғаны да себеп болды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер өздерінің құндылықтары арқылы ұлттар мәдениетінің дамуына, өркениеттердің өркендеуіне жол ашатын үлкен күш екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Қазіргі кезде қазақстандық татулық, ынтымақ, сыйластық және бірлік әлемдік өркениеттерге өзіндік үлесін қосып отырғанын айтуымыз керек. Қоғамдық үйлесімділік пен рухани байлық – барлық діндердің негізгі діңгегі екенін жастарымыздың бойына сіңіру біздің басты міндетіміз екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан ұлттық құндылықтарға тамыр жібере отырып, бейбітсүйгіш ел ретінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын Астанада бас қостырып, осынау алқалы жиында бейбітшілікке, әлемдік татулыққа үн қосуы ғаламдық деңгейдегі текетірестер мен сын-қатерлерге жауап іздеуден туындап отырғанын жастарымызға жеткізе білсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Жастар арасындағы діни тәрбиенің негізгі көкейтесті сұрақтарына жауап қарастырғанда төмендегі мәселелерге аса назар аудару керек деп санаймыз.
Діни бірлестіктер жөніндегі жаңа заңның қабылдануының қажеттілігі туралы бірнеше басқосуларда, конференцияларда, түрлі деңгейдегі форумдарда талқыланғандығынан студенттердің бәрі хабардар десек, тағы да шындыққа жанаспайтындығы анық. Сондықтан, бұл заңның дер кезінде қабылданғанын, күн тәртібінен түспейтін мәселе екендігін, ондағы негізгі тұжырым – Қазақстан исламы ханафиттік сипаттағы ислам екендігін жұртшылыққа ғылыми стильмен емес, жалпы халықтың жүрегіне жылы тиетін қарапайым ғана сөздермен жеткізсек, бұдан ұтарымыз анық.
Сондықтан, студент жастарға заңды іске асыру тетіктерін нақтылы түсіндіргеніміз абзал. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөліне ерекше тоқталғым келеді. Біздің ойымызша, бәлкім, республикалық мемлекеттік басылым беттерінен жастар арасындағы діни тәрбиенің маңыздылығы туралы арнайы бет арнап, ол жерде жастардың өз іштерінен пікірталас ұйымдастырып, олардың ұсынымдарын жариялап, университеттердегі кураторлық сағатта талқыласа, көп нәрсенің байыбына бара алмай жүрген жастарымызға нақты көмек болар еді деп ойлаймыз. Бұл жерде теледидарларда ұйымдастырылатын ток-шоулардың тақырыптық жоспарына жастар арасындағы діни тәрбиені жүйелі түрде енгізіп отырсақ, күрделі мәселенің күрмеуінің шешілуіне өзіндік септігін тигізері айқын.
Студенттер газет-журналдардан көрі, ғаламтор, әлеуметтік байланыстар, блогтарда белсенді қолданатынын ешқашан естен шығаруға болмайды. Сондықтан да, діни каналдарда, мұсылмандық туралы сайттарда талқыланып жатқан тақырыптар төңірегінде дәстүрлі емес және радикалды діндер белсенділерінің кейбір қисынға келмейтін сұрақтар бойынша мемлекет тарапынан орынды жауаптардың нұсқалары ұсынылса, онда біздің студент жастардың теріс пиғылдағы ағымдарға аңсары аумасы анық.
Жастардың діни тәрбиедегі сауаттылығын арттырамыз десек, оларды ҚМДБ өкілдерінен құрылған үгіт-насихат топтарымен қоян-қолтық қызмет етуді қолға алу керек деп санаймыз. Діни мамандардың арасында Құранның сүрелерін жай ғана жаттап алып, оның мән-мағынасын, философиясын терең талдап, түсіндіруге келгенде өз деңгейінде бола бермейтіндігі де шындық. Сондықтан, жастар ұйымымен бірлесіп жұмыс істеу кезінде тек Құранды жақсы білетіндерді ғана емес, өзінің терең білімділігімен, пайым-парасатымен өзгелерді өзіне қарата алатын, шешендік өнердің қыр-сырын меңгерген мамандарды тартсақ, сонда кімнің айтқаны дұрыс, кімдікі бұрыс екенін ойлы студент өзі-ақ ажыратып алар еді.
Осы бағытта ойымызды қорытындылай келіп, еліміздің дінтанушылары, дәстүрлі көшбасшылары, сондай-ақ, діни мамандар тарапынан түсіндіру жұмысы әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. Сонда ғана дін тұтудың жанама қырларынан, атап айтқанда, балаларымыздың сақал қою, қыздарымыздың тұмшаланып киім киюі сияқты тірліктеріне толыққанды мағлұматтар алуына мүмкіндік туар еді. Біздің ойымызша, олай еткенің дұрыс емес, бұлай еткенің дұрыс емес деп сынның астына алғаннан гөрі, олардың санасына әсер ететін әрекеттерді пайдалансақ, ұтарымыз мол болмақ.
Тағы бір мәселе – отбасы тәрбиесіне келіп тіреледі. Тәрбие – тал бесіктен басталатынын ескерсек, отбасы тәрбиесінде келешек ұрпақтың болашағы жатыр. Соңғы кезде жастар арасында жарасым таппай ажырасу, жанұя құндылығын сақтамау, түні бойы түнгі клубтарда қыдырыстау кәдуілгі әдетке айналып барады. Қазіргі кезде дәстүрлі емес және де радикалды діндер өкілдері ұйып отырған отбасының ыдырауына да көп әсер етуде. Қаншама отбасы шайқалып, оның мүшелері жан-жаққа, неше түрлі ағымдардың ізіне түсіп, бала – әкені, қыз – шешені тыңдаудан қалды. Осындай қиын тағдырдың тәлкегіне түскен жастарымызға ауадай қажет нәрсе – біреу-ақ. Ол – жастардың таңдау алдындағы шынайы ақпараттың қажеттігі. Мәселенің мәні осы деп түсінгеніміз абзал.
Сапалы діни сарапшылардың қорытындылары – қаншама адасып жүрген жастарымызға көмегін тигізер еді. Міне, осындай адам тағдырын шешетін ойлы пікірді бере алатын мамандар бізде жеткілікті ме? Әртүрлі ағымдағы ұйымдардың нені мақсат тұтатыны, немен айналысатыны, оларды насихаттайтындардың түпкі мақсаты не деген сан-алуан сұрақтарға қазіргі қызметте жүрген дін ағартушыларымыз дайын ба? Әрине, бұл мәселеде де ойланатын шаруалар шаш-етектен.
Рас, дінтану пәні бойынша оқулықтар шығарылуда. Бірақ, сол оқулықтар діни тәрбиеде ағартушылық қызметін өз деңгейінде атқара алып отыр ма? Бұл да ойланатын мәселе. Яғни, дәстүрлі діндердің артықшылықтары айшықталған, тайға таңба басқандай әрбір жасқа әсер ете алатын деңгейдегі оқу құралдарын көптеп шығаруды қолға алу керек. Оған қаражатты үнемдеу өте қисынсыз. Үнемдемейтін нәрседен үнемдейміз деп жүргенде, үндемей ғана өзінің қитұрқы пиғылын жүзеге асыруға ұмтылған ағым өкілдері өз мақсатына жету жолында қыруар қаржы жұмсап, неше түрлі насихат-уағыз кітапшаларын қаптатып жіберіп жүрмесіне кім кепіл?
Сондықтан, біз қыздарымызға ислам дінінің әкелген жаңалықтарын үнемі айтып отыруымыз керек. Отбасындағы әрбір ата-ана қыздарының ертеңгі күні елдің анасына айналатынын, ұлттың болашағын айқындайтындығын есіне салып отырса, әрі ана тәрбиесі өнімді болса олардың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі арта түсетіні анық. Адамдардың адамгершілік туын биік ұстап, рухани кемелденуімен жететін нәтижесі – адамдардың бір-біріне деген жақындығын, бауырмалдығын тереңдете түседі. Сондықтан да Қасиетті Құранда кемелдену мен үйлесімділікке жетуге көмектесетін рухани құндылықтарды дәріптеу өн бойында айтылады. Мысалы: «Өз ата-аналарыңды құрметтеңдер, жетімдерді жебеп жүріңіздер» (198-аят) деп, отбасылық құндылықтарды қадірлеуге, адамзаттың бар баласын жақын тұтып, өзгелердің мұң-мұқтаждарына құлақ асып жәрдемдесуге шақыратындығын байқаймыз. Бір қарағанда әркімге де түсініктілеу көрінетін бұл ұғымның түбінде терең пәлсапа жатқанын байқай бермейміз. Ең бірінші отбасыңа, содан соң туыстарыңа, қала берді барша халыққа жақсылығыңды аямау керектігін де күнделікті өмірде байқай бермейміз. Әрқашанда жақсы ойлар, ізгі ниеттер, кірпияз қамқоршылықтар өн бойымыздан табылып жату керектігін біз төмендегі Құран сүресінен де байқаймыз: «Алла жақындарға әділетті болуы, жақсы істер жасау мен жомарт болуды бұйырады. Ол зұлымдыққа, заңсыздыққа және көтеріліске тыйым салады (16-сүре, 90-аят).
Жалпы, жастар арасындағы діни тәрбие, әсіресе қылықты қыздарымыздың, көркем қыздарымыздың бойындағы қалыптасқан қасиетті мінез-құлық мәселесі жәй ғана айта салатын сөз емес. Оның астарында ұлт болып ұйысудың, елін сүйген, жерін сүйген патриотизмнің жатқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан да, ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, “ел боламын десең – бесігіңді түзе” деген қағида әр қазақ отбасының өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.
Еліміздің тұрақты дамуында жастардың үлесі зор екенін ескерсек, сол жастарымыздың бойында патриотизмге, рухани келісімге, татулық пен бірлікке деген қасиеттері еліміздің кемел келешегіне қызмет етуден туындағанын қалар едік.
Кәрімбек Құрманәлиев,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.
Ян Ки ФУН,
«Чогечон» буддашылар қауымдастығының өкілі (Корея Республикасы):
– Мен осындай әлемдік маңызы бар алқалы жиынға шақырту алғаным үшін ризашылығымды білдіремін. Қаншама дінбасылары әлемдік мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салды. Олардың сөздері бір-біріне деген өшпенділіктен, діндер арасындағы кейбір кереғарлықтан биік, таза көңілден шықты.
Саяси қайраткерлер мұндай таза пікірлерді ешқашан айтпаған болар еді. Олар өздерінің саясатының ықпалында кетіп, жеке ел мүддесі тұрғысынан ғана сөйлер еді. Ал мұнда сөйлеген жандар Құдай алдында айтатын таза ақиқатты айтты.
Осындай жиындар көбірек болғанын қалаймын. Қазақстан Президентінің бастамасын басқа елдердің де басшылары қолдап, бүкіләлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы осындай шараларды өткізіп тұрса жақсы болар еді.
Ғаппар МАЙМАҚОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ
«Қазақстан халқы Ассамблеясы»
арнайы кафедрасының меңгерушісі:
– V съезге Оңтүстік Қазақстан облысы атынан арнайы шақырту бойынша келіп қатыстым. Съезд өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген мәшһүр қайраткерлер, дін басылары өздерін толғандырып жүрген ойларын еркін айта білді. Олардың жаһан қауіпсіздігіне қатысты, сондай-ақ, діндердің адамзат өркениетіндегі орнына қатысты тұщымды пікірлері көңілге қонымды болды.
Осындайда мерейің өсіп, мақтаныш сезімі бойыңды кернеп кетеді емес пе. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бүкіл әлемнің діни лидерлері, саяси ірі қайраткерлер Астанаға жүгініп, бізден шындық пен татулықтың жолын сұрап жатса, қалай қуанбайсың. Мұндай жасампаз істер келешегі кемел елдің ғана қолынан келеді. Адалдық үшін айта кетейін, Президентіміздің әлем алдындағы беделінің биік екеніне тағы бір көз жеткіздім.